Accessibility links

Трамп Украинадағы соғысты аяқтау жайлы келісім жасауға "жақсы мүмкіндік барын" айтты


АҚШ президенті Дональд Трамп
АҚШ президенті Дональд Трамп

АҚШ президенті Дональд Трамп Украинадағы соғысты аяқтау жөнінде келісім жасауға ""жақсы мүмкіндік бар" деп мәлімдеді. Ол мұны 30 қарашада Флоридада АҚШ пен Украина өкілдерінің қатысуымен өткен келіссөзден соң, президенттік Air Force One ұшағында журналистерге айтқан.

Трамптың сөзінше, Украинада "кейбір күрделі мәселелер" бар. Журналистер одан нені меңзегенін сұрағанда, АҚШ президенті "жемқорлық жайын" айтып отырғанын, бұл мәселе соғысты аяқтауға "кедергі келтіретінін" жеткізді.

"Бірақ, менің ойымша, келісімге келудің жақсы мүмкіндігі бар", – деген Трамп.

Флоридадағы кездесу қорытындысы туралы сөзінде АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Украинадағы соғысты аяқтау өте маңызды екенін, бірақ жаңа басқыншылықтың алдын алу және Украинаны "күштірек әрі өсіп-өркендеген мемлекетке" айналдыру үшін қауіпсіздік те маңызды екенін айтты.

"Біз оның негізін Женевада қалап, бір апта бойы талқылағанбыз, ал бүгін тағы бір қадам жасалды. Дегенмен, атқарар жұмыс әлі де бар. Бұл теңдеудің бөлігіне айналуға тиіс тағы бір тарап бар", – деді Рубио Ресейді меңзеп. Ол АҚШ президентінің арнайы өкілі Стивен Уиткофф Мәскеуге барып, Ресей тарабымен жұмыс істейтінін айтып, "алайда біз олардың да ұстанымын түсінеміз" деді. басылымының жазуынша, Уиткофф пен президент Трамптың күйеубаласы Джаред Кушнер 1 желтоқсанда Ресейге келіссөз жүргізуге аттанбақ.

Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рүстем Умеров Флридада өткен келіссөздер "өнімді және табысты" болғанын айтты. Оның сөзінше, тараптар "Украина үшін маңызды" мәселелерді талқылаған, ал АҚШ бұл бағытта Киевті "айтарлықтай қолдап отыр" деді ол.

Украина президенті Владимир Зеленский өзіне Умеров "диалогтың негізгі өлшемдері, басымдықтары және кейбір нәтижелері" жайлы баяндағанын хабарлады. "Ең бастысы – әңгімеде конструктивті көңіл-күй бар және кездесулерде барлық мәселелер ашық талқыланып, Украинаның егемендігін және ұлттық мүдделерін қамтамасыз етуге бағытталды", – деп жазды Зеленский өз Telegram арнасында.

30 қарашада Майамидегі Shell Bay гольф-клубында АҚШ пен Украинамен арасында өткен келіссөз төрт сағаттан астам уақытқа созылған. Axios басылымы АҚШ Украинамен жер және қауіпсіздік кепілдіктері мәселелері бойынша "қайшылықтарды жоюды" көздейді деп жазды. The Wall Street Journal дерегінше, келіссөзде болашақта сайлаулар өткізу мүмкіндігі, жер алмасу және қауіпсіздік кепілдіктерінің жайы туралы сөз болған.

XS
SM
MD
LG