Accessibility links

Orda.kz редакциясы мен бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үйін полиция тінтіп жатыр


Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция. Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.
Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция. Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.

ПОЛИЦИЯ АДВОКАТТЫ РЕДАКЦИЯҒА КІРГІЗБЕДІ

Алматыда полиция қызметкерлері Orda.kz интернет-басылымы редакциясына және оның бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың үйіне құқық қорғау органы өкілдері тінту жүргізіп жатыр. Бұл жайлы ақпарат 1 желтоқсан күні таңертең әлеуметтік желіде тарады.

"Кеңседегі әріптестеріміздің байланысқа шықпағанына бір сағатқа жуықтады, олардан телефонын тартып алған болар деп ойлаймыз. Редакцияда тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, төңіректе қара түсті киім киген ер адамдар жүр, белгісіз көліктер тұр", – деп жазды басылым Telegram-парақшасына.

Дүйсенбі күні күндіз Алматыдағы Orda.kz редакциясына барған Азаттық тілшісі кеңсенің есігін сырттан күзетіп тұрған, үстіне арнаулы жасақ киімін киіп, қару асынып тұрған полиция қызметкерлерін көрді.

Кеңсенің ішінен шыққан заңгер Ольга Диденконың сөзінше, редакцияда тінту жүріп жатқан адамдар өздерінің қай органнан екенін айтпаған, тінту жүргізу туралы қаулыны көрсетуден бас тартқан. Редакцияны күзетіп тұрған қызметкерлер Гүлнәр Бажкенованың адвокаты Мұрат Адамды ішке кіргізбей қойды.

Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция қызметкерлері мен заңгер Ольга Диденко (ортада). Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.
Orda.kz редакциясы есігінің сыртында тұрған қарулы полиция қызметкерлері мен заңгер Ольга Диденко (ортада). Алматы, 1 желтоқсан, 2025 жыл.

ПОЛИЦИЯ ҚЫЛМЫСТЫҚ ІСТЕР ҚОЗҒАЛҒАНЫН АЙТТЫ

Арада біраз уақыт өткенде Алматы қалалық полциия департаментінің баспасөз қызметі "келіп түскен өтініштер негізінде О. ақпараттық ресурсының редакторы азаматша Б.-ға қатысты қасақана және бірнеше рет жалған мәліметтер тарату деректері бойынша қылмыстық істер қозғалғанын" хабарлады.

"Алдын ала мәліметтер бойынша, 2024 жылы жарияланған материалдардың бірінде құқық қорғау органы қызметкерінің пара алған кезде ұсталды деген шындыққа жанаспайтын ақпарат таратылған. Тергеу барысында мұндай фактінің болмағаны нақтыланды. Осылайша, азаматша Б.-ның әрекеттері жарияланымда көрсетілген қызметкердің кәсіби беделіне нұқсан келтіріп, қоғамда жалған пікір қалыптастырған", – деген Алматы полициясы.

Бұған қоса полиция өткен жылдары жарияланған өзге материалдарға байланысты жәбірленушілерден түскен арыздар бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын айтып отыр. Тергеу орындары іскерлік беделге нұқсан келтіру дерегімен де іс қозғаған.

"Тағы бір жарияланымда мүліктік дауға қатысты залалдың көлемі мен себептері туралы бұрмаланған және шындыққа сәйкес келмейтін деректер берілген. Бұл өз кезегінде жұртшылықты жаңсақ пікірге жетелеп, арызданушының іскерлік беделіне айтарлықтай зиян келтірген", – деген Алматы полициясы тергеу амалдары барысында электрон құрылғылар мен материалдар тәркіленгенін хабарлады.

Гүлнәр Бажкенованың телефоны әзірге қоңырауға жауап бермей тұр.

XS
SM
MD
LG