Украина сыртқы істер министрлігі украин жағының әрекеті Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын айтты.
"Украинаның бірде-бір әрекеті Қазақстан немесе басқа үшінші тарапқа қарсы бағытталмағанын атап өтеміз. Украинаның барлық күш-жігері БҰҰ Жарғысының 51-бабында көрсетілген өзін-өзі қорғау құқығын жүзеге асыру аясында Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруға бағытталған", – деп жазылған Украина СІМ 30 қарашада таратқан хабарламасында.
Украина өз қарулы күштері "басқыншының жаулап алу және халықты өлтіру әрекетіне жол бермес үшін" оның әскери-өнеркәсіп әлеуетін жүйелі түрде әлсіретуге тырысып жатқанын, сол себепті оның нысандарына шабуыл жасағанын айтқан.
Ресми Киев "Қара теңіз бен одан тыс аумақты тұрақсыздандырып отырған жалғыз фактор - Ресей басқыншылығы" екенін атап өткен.
Украина мәлімдемесінде Қазақстан жағының "Ресейдің Украинадағы бейбіт тұрғындарға, тұрғын үйлерге, азаматтық инфрақұрылымға және елдің энергетикалық жүйесіне, атап айтқанда, Украина атом электр станцияларының қосалқы станцияларына шабуылдарын айыптамағанына" да ерекше назар аударған.
"Күні кеше ғана Ресей Украинаға 9 сағат бойы зымыранмен және дронмен шабуыл жасады, соның салдарынан бейбіт тұрғындар қаза тауып, жараланды. Киевтің кем дегенде 500 000 тұрғыны мен Киев облысының 100 000-нан астам тұрғыны электр қуатынсыз қалды", – деп жазылған мәлімдемеде.
Украина СІМ барлық тарапты "басқыншыны соғысты тезірек тоқтатуға мәжбүрлеуге" күш жұмылдыруға шақырған.
Бұған дейін, 30 қараша күні Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Ресейдің Новороссийск портындағы Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымына жасалған шабуылға байланысты Украинаға наразылық нотасын жариялаған еді.
Каспий құбыр консорциумы – Қазақстан мен Ресей және әлемдегі жетекші мұнай өндіруші компаниялар қатысып отырған бірлескен аса ірі халықаралық жоба. Құбырдың ұзындығы 1,5 мың шақырым. Бұл құбырмен негізінен Батыс Қазақстан мұнайы мен Ресей мұнайы тасымалданады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан КТК инфрақұрылымына шабуылға байланысты Украинаға наразылық білдірді