Полиция Темірлан Еңсебекті жалған ақпарат тарату ісі бойынша куәгер ретінде шақыртқан

Темірлан Еңсебек пикетте тұр. Алматы, 3 қаңтар, 2024 жыл (Азаттық архивіндегі фото)

Жабылып қалған Qaznews24 сатиралық паблигінің негізін қалаған және бұрынғы редакторы Темірлан Еңсебекті 1 желтоқсанда Алматы қаласындағы Әуезов аудандық полиция бөліміне шақыртып, жауап алған. Алматы қалалық полиция департаменті баспасөз қызметінің дерегінше, Еңсебек тергеушіге қорғану құқығы бар куәгер ретінде шақырылған деп хабарлады Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау жөніндегі бюросы.

Адвокат Жанар Балғабаеваның жергілікті басылымдарға айтуынша, Еңсебекті құқық қорғау орындары Қылмыстық кодекстің 274-бабы ("Көрінеу жалған ақпарат тарату") бойынша қозғалған іске байланысты шақыртып, жауап алған. Депутаттың арыз жазуына нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз деді Балғабаева.

Азаттық депутат Еділ Жаңбыршиннен пікір алуға талпынып көрді, бірақ оның телефоны қоңырауға жауап бермеді.

2021 жылдың сәуір айында құрылған Qaznews24 сатиралық паблигі қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты сатиралық жаңалықтар жариялап келген еді.

Биыл сәуірде Алматы соты пабликтің бұрынғы авторы Темірлан Еңсебекті "араздық қоздыру" бабы бойынша кінәлі деп танып, оның бостандығын бес жылға шектеген және қоғамдық-саяси қызметпен де айналысуға тыйым салған.

Айыптау тарабы Темірлан Еңсебек "адамзаттың бейбітшілігі мен қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр қылмысты қасақана жасаған" деген. Прокурордың сөзінше, Темірлан Еңсебек Qaznews24 паблигінің әкімшісі бола отырып, 2024 жылғы қаңтарда өзі жүргізетін пабликте "орыс азаматтарының ар-намысын қорлайтын" трек жариялаған. Еңсебек "Йоу, орыстар" деген бейәдеп сөздерден тұратын әнді ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки туралы постына қосқан.

Ал Еңсебек өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, үкімді "тым қатаң" деп бағалаған. Ол сот кезінде жазбасы орыс ұлтына қарсы бағытталмағанын, даулы "Йоу, орыстар" әні Ресейдің Украинаға басқыншылығына қарсылық ретінде соғыстан кейін танымал болып кетті деген уәж айтқан. Апелляциялық сот үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Темірлан Еңсебекке қарсы істің саясы астары бар деп, Қазақстан билігін Еңсебекті қамаудан босатуға және оған тағылған айыпты алып тастауға үндеген.

Тамыз айында Qaznews24 сатиралық паблигі "редакция мүшелерінің туыстарына құқық қорғау органдары қысым көрсетіп, жаңа тергеу-тексеру жүргізуіне байланысты агенттікті жабу туралы шешім қабылдағанын" мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Сатиралық жаңалықтар тарататын Qaznews24 жұмысын тоқтатады