Нетаньяху жемқорлық ісі бойынша рақымшылық сұрап, Израиль президентіне жүгінді

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху өзі туралы қозғалған жемқорлық ісіне байланысты ресми түрде рақымшылық жасау туралы өтінішпен ел президенті Ицхак Герцогқа жүгінген. Бұл туралы 30 қарашада президент кеңсесі хабарлады.

Президент кеңсесі Нетаньяхудың өтінішін әділет министрлігінің рақымшылық істері жөніндегі бөліміне жолдаған. Бұл бөлім Герцогқа "тиісті органдардың бәрінен" пікір жинап беруге тиіс, содан кейін президент өтінішті "жауапкершілікпен әрі адалдықпен қарайды" деді президент кеңсесі.

Бұдан бөлек, Нетаньяху видеоүндеуінде өзіне қарсы іс елді екіге бөлгенін, ал президент рақымшылығы ұлт бірлігін қалпына келтіруге көмектесетінін айтқан. Бұған қоса ол апта сайын үш рет сотқа қатысу міндеті ел басқару ісінен басқаға қарай назарын аударатынын да жеткізген.

Нетаньяху өзіне қарсы процесс "шамамен алты жылдан бері" жалғасып келе жатқанын, бірақ тергеу басталғалы "елеулі ештеңе болмағанын" мәлімдеді.

"Еліміздегі көп жұрт сияқты мен де процесті дереу тоқтату қоғамдағы шиеленісті айтарлықтай азайтып, кең ауқымды татулыққа жол ашады деп сенемін. Ал бұл – елімізге ауадай қажет", – деді Израиль премьері. Ол сөзін ел мүддесі мен оның алдында тұрған тарихи міндеттер жайлы айтып түйіндеді.

Times of Israel басылымы Нетаньяху рақымшылық сұраған өтінішінде өз кінәсін мойындамаған және ешқандай кешірім де сұрамаған деп жазды. Оның орнына, сот процесінің Израильдің қоғамдық өміріне келтірген зиянын кеңінен сипаттайды деді басылым.

Қараша айының басында АҚШ президенті Дональд Трамп Израиль президенті Ицхак Герцогқа хат жолдап, Нетаньяхуды "толықтай кешіруге" үндеген. Трамп хатында Нетаньяхудың "мықты қарсыластарға қарамастан Израильді батыл қорғағанын" және оның ел басқарудан басқаға көңілін бөлу орынсыз екенін жазған.

Израильде президент негізінен символикалық қызмет атқарады, алайда конституциялық заңдардың бірі оған "қылмыскерлерге рақымшылық беру, жазасын жеңілдету немесе алмастыру" құқығын береді. Президенттің мұндай құзыры әлі сот үкімі шықпаған адамдарға да қолданылады.

Биньямин Нетаньяху – Израиль тарихында премьер-министр қызметінде отырғанда сотқа тартылған жалғыз саясаткер. Оған үш бөлек іс бойынша алаяқтық, сенімді теріс пайдалану және пара алу қылмыстарына байланысты айыптар тағылған. Бұл істерде ол бай саяси серіктестермен өзара қызмет алмасқан деген күдікке ілінген. Бұған қоса өз қызметін жақсы жағынан көрсеткен белгілі бір медиаларға қолдау жасаған деген айыпқа қалған.